Саясат

Жанар Бүркітбаева Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Аманат фракциясының мүшесі: Құмар ойын – қоғам дерті

Құмар ойын – қоғам дерті

Лудомания немесе құмар ойынға тәуелділік Қазақстан үшін күн тәртібіндегі күрделі мәселе. Бүгінде бәс тігу мыңдаған отбасының берекесін қашырып, азаматтарымыздың тағдырына балта шабатын қауіпті құбылысқа айналды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 350 000-ға жуық адам лудоманиядан зардап шегеді. Олардың 70% — дан астамы 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл ерекше алаңдаушылық туғызады. Себебі, жастарымыз құмар ойындардың жарнамасына алданып, азғыруына еретін ең осал топ саналады. 

Құмар ойынға салынудың салдары қаржылық қиындықтар мен әлеуметтік қақтығыстар туындап, отбасы институтына қауіп төне бастағандықтан қолданыстағы заңға неғұрлым қатаң нормаларды енгізу қажеттігі туды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, бірнеше рет бұл мәселеге ерекше тоқталып, лудоманиямен күресті мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. 

Осыған байланысты, былтыр «Amanat» партиясы құмар ойынды және оның жарнамасын шектеу, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметін реттеу бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болды. Қоғам дертіне айналған күрделі мәселеге Үкімет назарын аударды. Ал, биыл 2 жылға жуық уақыт талқыланып, пысықталған букмекерлік кеңселер мен құмар ойындардың жарнамасын шектейтін заң жобасы қабылданды. Бұл заң халыққа, әсіресе жастар арасында құмар ойындардың тартымдылығы мен қолжетімділігін төмендетуге бағытталған. 

Мәселен, құмар ойындарға қатысу жасын 25 жасқа дейін көтеру және борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғаларға қатысуға тыйым салу азаматтарды экономикалық және психологиялық зардаптардан қорғауға бағытталған. 

Ал, жарнамалық мүмкіндіктерді шектеу жастарға құмар ойындардың тартымдылығын азайтуы керек. Спорт және дене шынықтыру комитеті жүргізген зерттеу сауалнамаға қатысқан ойыншылардың шамамен 60% - ы жарнаманың олардың құмар ойындарға қатысу шешіміне әсер еткенін мойындағанын көрсетті. 

Сондай-ақ, биометриялық сәйкестендіруді енгізу жас шектеулерін айналып өтуге қарсы күресте маңызды қадам болмақ. Шетелдік букмекерлік кеңселердің лицензиясыз қызметіне тыйым салу отандық бизнесті қорғауға және елден қаржылық капиталдың жылыстауының алдын алуға бағытталған. 

«Amanat» партиясы қабылдаған бастамалар бүгінгі күннің өзінде оң нәтиже бере бастады. Алайда, қоғамды бұл дерттен түпкілікті айықтыру үшін кешенді ақпараттандыру және түсіндіру іс-шараларын жүрігу маңызды. 

Азаматтардың құмар ойындардың қауіптілігі туралы білімін арттыру, әсіресе жастар мен олардың ата-аналары арасында, тәуекелдер мен көмек алудың жолдарын түсіну жұмысын белсенді жүргізу керек. Сондай-ақ, лудомания дертіне шалдыққан азаматтарымызға қажетті қолдау көрсету үшін жедел желілер мен кеңес беру орталықтарын ашу қажет.

Заң жобасы құмар ойындарға тәуелділікпен күресте және азаматтарды қорғауда маңызды қадам болып табылады. Ал, оның табысты жүзеге асырылуы үкімет, бизнес және қоғамның күш-жігерін үйлестіруді талап етеді. Мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың бірлескен күш-жігерімен ғана біз баршаға қауіпсіз қоғам құрып, болашақ ұрпақты қауіпті дерттен сақтай аламыз.