Әлеумет

Қуандық Бишімбаев түрмеде қандай жұмыс істеуі мүмкін

Қуандық Бишімбаев түрмеде қандай жұмыс істеуі мүмкін

 ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев түзеу мекемесіне өткеннен кейін қандай жұмыс істеуі мүмкін екенін айтып берді.

«Ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейтін болады. Ең алдымен 15 күндік карантинге түседі, біз оны қарастырамыз», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Теңізжан Жәнібеков Қ.Бишімбаевтың жұмысқа орналасуы сол жерде шешілетінін атап өтті. Дәлірек айтқанда, ол ағаш өңдеу бойынша жұмысқа орналаса алады.

«Жұмысқа орналасуға келсек, иә, біз сотталғандарды жұмысқа орналастырамыз. Біздің өндірістік аймақтарда әртүрлі жұмыс бар. «Еңбек» РМК-да ағаш өңдеу, металл өңдеу бағыттары бойынша жұмыс таба алады. Мұның бәрі қай жерде және қандай бос жұмыс орны болатынына байланысты. Әрбір мекемеде жұмысқа орналасумен тікелей айналысатын жұмыспен қамту бөлімі бар», - деп толықтырды Теңізжан Жәнібеков.

Журналистер ҚАЖК басшысынан Қ.Бишімбаевтың жазасын қай түрмеде өтейтінін сұрады.

«Ол жақында Астана маңындағы аумақта қауіпсіздігі ең жоғары мекемеге түседі. Біз 93-бапқа сәйкес туыстарына, сондай-ақ мүдделі тұлғаларға, адвокаттарға хабарлауға құқығымыз бар. Сондықтан біз осы форматтағы ақпаратты мүдделі тұлғалар үшін береміз», - деп толықтырды комитет басшысы.