Спорт

Парижге кімдер барады?

Еліміздің атынан спорттың 25 түрінен 80 атлет бақ сынайды

Қазақстан құрамасының еншісінде 92 жолдама бар. Еліміздің атынан спорттың 25 түрінен 80 атлет бақ сынайды. Бұл – тәуелсіздік алғалы бері жазғы ойындарға қатысатын ең аз делегация.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері жеті жазғы ойындарға қатысты. Париждегі бәсеке біздің спортшылар қатысатын сегізінші Олимпиада болмақ. Осы уақыт аралығында Франция астанасына Қазақстан ең аз құраммен бара жатыр. Парижде 80 спортшымыз ғана бақ сынайды. Бұл бұрынғы Олимпиадалармен салыстырғанда өте аз. КСРО құрамынан бөлінгеннен кейінгі бірінші жазғы ойындар – Атланта Олимпиадасына қатысқан құрам бұдан көп, 96 спортшы. Сиднейде – 130, Афиныда – 119, Бейжіңде – 132, Лондонда – 115, Риода – 104, Токиода 93 спортшы ел намысын қорғады. Байқасаңыздар, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін қатысушы спортшылар саны күрт төмендей бастаған. Токиодағы сәтсіздіктен соң біздің команда реттеледі деген болжам болған. Бірақ үш жыл – үлкен спорт үшін өте аз уақыт. Жылдар бойы жақсармаған жүйе бір олимпиадалық циклге жетер-жетпес аралықта гүлденіп кетпейді. 

Париж Олимпиадасына ең көп спортшы жіберетін өңірлер де анық­талды. Төртжылдық додасында Ас­тана, Алматы және Шымкентті қоса есептегенде 35 спортшы бақ сынайды. Ал қалған облыстар 45 атлетті үкілеп жарысқа қоспақшы. 

Бір қызығы, Маңғыстау, Қостанай және Ұлытау облыстарынан бірде-бір спорт­шы Олимпиадаға бармайды. Өңір­­­ден шыққан спортшылар әлемдік жарыс­қа жолдама алуға қабілетсіз боп шықты. 

Қазақстан спортшылары арасы­нан Париж Олимпиадасының ең ал­ғашқы жолдамасын мерген Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Нысана көздеу шебері Әзербайжанның Баку қаласында өткен лицензиялық әлем чем­­­­пионатында үздік төртікке енген болатын. 

Содан бері қазақстандық спортшылар әлемдік және құрлықтық іріктеу турнирлеріне қатысып, Париждегі жаз­ғы ойындардың жолдамасына та­лас­ты. Бірде спортшыларымыз мерейімізді асырса, енді бірде атлеттерімізге сәтті­лік жетпей жатты. 

Олимпиада ойындарының квотасы негізінен әлем чемпионаттары мен құрлықтық, әлемдік іріктеу тур­нирлерінде және әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша таратылды. Боксшылар мен қазіргі бес­сайыс шеберлері арасындағы жол­дама Ханчжоудағы Азия ойындарында үлестіріле бастады. Жазғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Ибрагимова (57 келі) лицензия мәселесін шешіп алған болатын.

Әлем чемпионаттарында жолдама жеңіп алғандар қатарында спорттық гимнастика өкілі Милад Карими, еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков пен Мейрамбек Қартбай және грек-рим күресінің өкілі Нұрсұлтан Тұрсынов, нысана көздеуші мерген Ислам Сәтпаев бар. Ка­рими 2023 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен әлемдік додада еркін бағдарламадан қола жүлдегер атанып, көпсайыстан 5-орын­­ға табан тіреді. Ал Дәулетбеков, Қартбай және Тұрсынов Сер­бия­­­ның Белград қаласындағы әлем­­дік сында лицензия­ға иелік етті.

Сондай-ақ бірқатар спортшылар құрлықтық іріктеу турнирлері мен әлем­дік рейтинг қорытындысы бо­йын­ша Париж билетін қалтаға басты. 

Париж Олимпиадасында 54 қазақстандық спортшы алғашқы Олим­пиа­дасына қатысады. 21 атлет өз ман­сабындағы екінші жазғы ойындарға аттанбақ. Олимпиадаға үшінші және төртінші рет қатысатын спортшылар да жоқ емес. Мәселен, дзюдошы Елдос Сметов пен қазіргі бессайыс шебері Елена Потапенко және үстел теннисі­нің өкілі Кирилл Герасименко өздерінің үшінші Олимпиадасына жол тартады. Сметов Риода күміс, Токио­да қола жүлдегер атанғаны жанкүйер есінде. Ал Потапенко мен Герасименкоға ірі жарыстан жүлде бұйырар емес. 

Олимпиадалық құрамада жаз­­ғы ойындарға төртінші рет қатысатын екі спортшы бар. Олар – Ольга Саф­р­онова (жеңіл атлетика) мен Владислав Яковлев (академиялық есу). Саф­ронова алғаш рет 2012 жыл­ғы Лондон Олимпиадасында бақ сы­наған. Ол биыл Асланбек Шымбергеновпен бір­ге Қазақстан құрамасының туын ұс­таушы болып бе­кітілді. Яковлев бо­л­­са, академия­лық есуден ел на­мы­сын қорғайтын жалғыз спортшы. 

• Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барады.

• Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарға үш спортшыны апарады.

• Брейкинг пен бадминтоннан Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада жолдамасын иеленді. Брейкингтен Амир Закиров, бадминтоннан Дмитрий Панарин ел намысын қорғайды.

• Әйелдер күресінен Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет Олим­пиададан сырт қалды.

• Семсерлесуден Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық жарыста бақ сынайды.

• Қазақстан тұңғыш рет гимнастиканың үш түрінен (батуттық, спорттық және көркем) жазғы Олимпиадада сынға түседі.

• Нысана көздеуден Қазақстан командасы тұңғыш рет алты спортшыны Олимпиадаға апарады.

Парижге аттанатын олимпиадашыларды шығарып салу рәсімі 17 шілдеге белгіленген. 

Aikyn.kz