Саясат

Президент лудоманияға қарсы күреске қатысты заң актілеріне түзету енгізу туралы құжатқа қол қойды

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин айтты.

Кеше  Президент лудоманияға қарсы күреске қатысты заң актілеріне түзету енгізу туралы құжатқа қол қойды.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин айтты.

Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты.

Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған. Осы құжатта көзделген негізгі жаңалықтың бірі – Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шараларының енгізілуі.

Бұл – 3,5 миллионнан астам адам. Букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Бұдан былай байланыс операторлары ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды. Сонымен қатар лицензиясы жоқ шетелдің букмекерлік контораларының, тотализаторларының интернет ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тыйым салынады.

Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылған. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды, құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді.