Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді
Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді
Президент Ильхам Әлиевтің шақыруымен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев 5-6 шілдеде Әзербайжанға жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев Шуша қаласында өтетін «Өзара көлік байланысы және климаттың өзгеруіне қарсы күрес арқылы тұрақты болашақ құру» тақырыбындағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.
Оның барысында көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері қаралады. Атап айтқанда, президенттер ең алдымен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, сондай-ақ «жасыл» экономика, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және адами капиталды дамыту бағыттары бойынша пікір алмасады.
Бұған қоса, делегация басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқыламақ. Іс-шараның қорытындысы бойынша бірқатар бірлескен құжатты қабылдау жоспарланып отыр.