Жас ғалым ақылды балдақ құрастырып шығарды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы қарттарға арналған ақылды және көпфункционалды балдақ құрастырып шығарды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы қарттарға арналған ақылды және көпфункционалды балдақ құрастырып шығарды – деп хабарлайды Oimaqnews.kz. Kazinform.kz сілтеме жасап.
Университеттің 1-курс студенті Ерзат Мырзахан ойлап тапқан құрал егде жастағы адамдардың баспалдаққа көтерілуін жеңілдетеді. Яғни қарт адамдар екі бұранда арқылы баспалдақ тұтқасын қысып, жоғары қабатқа шыға алады.
«Құралдың басты ерекшелігі — мұнда GPS орнатылған. Яғни балалары мен ағайын-туыстары қарт анасының немесе әкесінің қайда жүргенін телефондағы қосымша арқылы біле алады. Егер де қарт адам көшеде құлап қалған болса, балаларының ұялы телефонына хабарлама келеді. Сондай-ақ аталған балдаққа арнайы лазерлік шам қойылған. Бұл алдағы бөгеттерді, кедергілерді анықтап, қарт адамға дыбыстық белгі береді», — дейді жоба жетекшісі Ерзат Мырзахан.
Бұдан бөлек, балдаққа радио және түнгі уақытта жүру үшін арнайы жарық орнатылған. Балдақтың жалпы салмағы — 300-400 грамм, ал ұзындығы 1 метрге дейін созылады.
Жас ғалымның айтуынша, балдақ арзан құрылғылардан жасалғандықтан, оның нарықтағы бағасы да төмен.