Қазақстан мен Қытай Маңғыстау облысында электр станциясын салады
- авторОймақ
- 2 шілде, 2024
- 286
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев Маңғыстау облысындағы электр энергиясы тапшылығы мәселесін қалай шешу жоспарын айтты.
Ол бірнеше жыл бұрын Маңғыстау облысында электр энергиясының өшуі проблемасы болғанын еске салды. 2023 жылы өңірдегі электр қуатын өндіруді тұрақтандыру үшін Kazakh Invest қытайлық China Huadian Corporation компаниясымен келіссөздер бастады. Соның нәтижесінде Маңғыстау облысында бу-газды станциясын салу жоспары бар. Екінші кезеңде жел электр станциясын іске қосу ескерілген.
«Бұл екі жүйе өзара байланысты болады. Негізгі электр энергиясы желден алынатын болады. Бірақ климат өзгерген кезде, сол уақытта бу-газды станциясы қосылады. Осылайша, бу-газды станция тиісті кезеңде жұмыс істейтін болады», - дед Е. Елекеев Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі кезінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
2024 жылы құрылысқа дайындық басталды. Жоба 2025 жылдың аяғында немесе 2026 жылдың басында пайдалануға беріледі. Қазақстаннан жобаға «МАЭК» ЖШС, ал Қытайдан China Huadian Corporation-ның еншілес ұйымдарының бірі қатысып жатыр. Құрылыс несие қаражаты есебінен қаржыландырылады. Несиені Қытайдың мемлекеттік банктерінің бірі 15-25 жылға 5 пайыздан төмен мөлшерлемемен береді.
Дегенмен, қаржыландырудың нақты көлемі әлі жарияланған жоқ. Қарызды қайтару тариф есебінен жүзеге асырылмақ.
«Болашақта осындай жобаларды нақты көреміз. Қазір оны пилоттық режимде іске қосу өте маңызды. Жоғарыда айтқанымдай, бұл - инновациялық жоба. Сондықтан, пилоттық режимде біз оны электр энергиясы мәселесі өте өткір тұрған Маңғыстау облысынан бастадық», - деді Ержан Елекеев.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.