Қоғам

Астана әуежайы мен вокзалдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Вокзалдар кешенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған

Астана әуежайы мен вокзалдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды  Көлік министрлігі.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізу кезеңінде елорда әуежайында күшейтілген және тәулік бойғы жұмыс режимі қамтамасыз етілетін болады.

"Тұрақты рейстердің ұшуы кесте бойынша жоспарланған. Саммитті өткізу кезеңінде жұмысқа сала мамандары мен диспетчерлік құрам тартылды. Жүзден астам қызметкер резерв ретінде жұмылдырылып, елорда әкімдігімен бірлесіп шет тілдерін білетін еріктілер тартылып жатыр. Сондай-ақ, Алматы және Қарағандыда қосымша әуежайлардың дайындығы көзделген", - делінген хабарламада.

Елордалық теміржол вокзалдары Шанхай ынтымақтастық ұйымын өткізу шеңберінде теміржол бекеттері штаттық режимде жұмыс істейтінң айтылды.

"Бүгінде теміржол көлігі Астана-1 станциясынан 23 бағыт бойынша тәулігіне 11 мыңға жуық жолаушыны, ал "Нұрлы жол" теміржол вокзалы бойынша тәулігіне 8 мың жолаушыны 19 маршрут бойынша тасымалдап жатыр. Вокзалдар кешенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған".