Қоғам

Грекияның Гидра аралындағы орман өртінен кейін 13 адам қамауға алынды

В.Кикилиастың айтуынша, мемлекеттік айыптаушы кемені тәркілеуді талап еткен.

Грекияның Гидра аралындағы орман өртінен кейін 13 адам қамауға алынды, билік өрттің шығуына «Персефони» яхтасынан ұшырылған отшашу себеп болды деп отыр, деп хабарлайды Inform kz  BBC сайтына сілтеме жасап. 

Грекияның климаттық дағдарыс жөніндегі министрі Василис Кикилиастың хабарлауынша, жұма күні шыққан өрт Афинаның оңтүстігіндегі әйгілі туристік аралдағы жалғыз қарағайлы орманның 300 шаршы метрін шарпыған. 

Жалын ауыздықталды, алайда бұл оңайға соққан жоқ. Жағажайға баратын жол жоқ болғандықтан, өрт сөндірушілер оған теңіз арқылы жетуге мәжбүр болды, ал тікұшақтар суды әуеден түсірді.

Грек ақпарат құралдары қамауға алынғандардың барлығы «Персефони» суперяхтасының экипаж мүшелері екенін хабарлады. Салтанатты яхталардың бірнеше дилерінің мәліметінше, кеме жалдау 249 мың еуродан басталады.  

В.Кикилиастың айтуынша, мемлекеттік айыптаушы кемені тәркілеуді талап еткен.

Бірнеше жергілікті БАҚ сот құжаттарына сілтеме жасап, яхтада Грекиядан кетіп қалған 17 қазақстандық азамат болғанын хабарлады. Алайда, ВВС мұны тексере алмаған.  

Жексенбі күні таңертең экипаж бірдей жұмыс формасын киіп, беттерін күннен қорғайтын көзілдірікпен, маскамен және қалпақпен жауып, Пирей прокуратурасына кірген кезде бейнеге түсіп қалған. 

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, өрт сөндіру қызметінің мамандары жақын маңдағы кеме капитаны берген мәлімет бойынша, «Персефонидан» белгі беру ракетасы немесе отшашу ұшқанын хабарлаған. Алайда, жағалау күзеті бұл ақпаратты растайтын ешқандай дәлел жоқ екенін алға тартып отыр.  

Өртке себеп болуы мүмкін деген болжамды естігенде бірнеше орман өртімен күресіп жатқан Грекияда наразылық туындады. Бұдан бөлек жылдың алғашқы ыстық толқынын бастан кешіріп жатқандықтан оларға оңай тимеді.

«Кейбір адамдардың қарағайлы орманға отшашуды соншалықты жауапсыз лақтырғанына ашуланамыз», - деді Идра мэрі Йоргос Кукудакис сенбі күні Грекияның ERT телеарнасына.

Грекия сейсенбіден бері орман өрттеріне қызу дайындықта отыр. Билік аптап ыстық пен құрғақ күн райына, қатты жел мен жоғары температура сақталып отырған жаз маусымына дайындықты барынша үдетті.