Қырғыз-тәжік шекарасындағы даулы аймақ азайып келеді
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы даулы аймақтың кейбір бөлігі жайлы келісімге келді. Дәлірек айтқанда 1,11 шақырым шекара сызығына байланысты өзара келісті.
Қырғыз үкіметінің хабарлауынша 1,11 шақырым шекара сызығы жайлы келісім 11-18 ақпан күндері талқыланған. Тәжікстанның Соғды облысы Бустон қаласында екі елдің үкіметтік делегациялары шекараға байланысты кездесу өткізді. Нәтижесінде тиісті хаттамаға қол қойылды.
Жалпы Қырғызстан мен Тәжікстанда шекара жөнінде келіспеушілік бар. Оның үстіне екі елдің аумағында да анклавтар орналасқан. Екі елдің шекарасының ұзындығы 971 шақырым. Оның 308 шақырымы даулы еді. Дегенмен екі ел былтырдан бері шекараға қатысты дауды жедел шешуге кірісті. Айталық, желтоқсанда 24,1 шақырым шекара сызығын делимитациялауға келіскен. Одан бұрын, қарашада 75,28 шақырымды делимитациялануға уағдаласқан.
Oimaqnews