Қоғам

Шенеуніктің жүрегі тоқтап, қайтыс болған: 3 қызметкерге сот үкімі шықты

Аудандық әкім аппаратының басшысы өзіне қатысты іс қозғалғаннан кейін көп ұзамай жағдайы нашарлаған.

 

Өңірде тағы 3 шенеунікке қатысты сот үкімі шықты. Облыстық цифрландыру басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы бірнеше рет пара алғаны үшін сотталды. Ал басқарманың бөлім басшысы пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды. 

"Түркістан облысында пара алды деп айыпталған бірнеше шендіге қатысты сот үкімі шықты. Олардың бірі әрекеті әшкере болған тұста-ақ өзін нашар сезініп, жағдайы қиындаған. Нақтылай кетсек, Отырар ауданы әкімі аппаратының экс-басшысы мемлекеттік сатып алу шарттарын түзіп, орындалған қызметтер бойынша бақылауды жүзеге асыратынын ескертіп, жалпы қамқорлығы үшін бірнеше рет пара алған. Ресми ақпарат бойынша, 2023 жылы кәсіпкерден 10 000 000 теңге сомасында пара алған оны жедел уәкіл қызметкерлері ұстаған. Алайда шенеунік өзіне қатысты іс қозғалғаннан кейін көп ұзамай жүрегі тоқтап, қайтыс болған", - деп жазылған басылым мәліметінде.

"Түркістан облысының Отырар ауданы бойынша жалпы 21 конкурс жарияланып, Отырар ауданы әкім аппаратының басшысы М. сатып алу бойынша конкурстан жеңімпаз ретінде И.-ға тиесілі ЖШС-ларын тануға және жалпы қамқорлығы үшін 5 000 000 теңге пара алған. Мемлекеттік айыптаушы үш адамға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және М. қайтыс болуына байланысты кінәлі деп танып, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады", - делінген Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарламасында.

Түркістан облысы Цифрландыру басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушыға қатысты да сот үкімі шықты. Ол ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен бірнеше рет пара алу дерегі бойынша айыпталған еді. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты шендіге, сол басқарманың бөлім басшысына және пара берді деген кәсіпкерге қатысты үкім шығарды.

"2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы шілдеге дейінгі кезеңде мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою үшін жалпы сомасы 14,6 миллион теңге болатын бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар Жолсейітов бұдан басқа пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды. Ол Төлеби ауданының Цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға беремін деген сылтауымен Исаковтың 903 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды", - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров.

Сот Мырзасейітовке 8 жыл, Исаковқа 7 жыл, Жолсейітовке 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар сот Отырар ауданы әкімі аппаратының экс-басшысының өліміне байланысты оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.

Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.