жұма, 22 қараша, 2024 12:12

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Үкіметте көлік және қаржы саласындағы мамандарды даярлау мәселесі талқыланып жатыр

Үкіметте көлік және қаржы саласындағы мамандарды даярлау мәселесі талқыланып жатыр
фото Үкімет
Отырыс барысында Көлік және Қаржы министрліктерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары қаралды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Ұлттық кәсіптік біліктілік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның шеңберінде салалық біліктілік жүйелерін дамыту, кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жөніндегі шаралар мен жоспарлар қаралады.

Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдар жанынан салалық кеңестер құрылып, оған сарапшылар, оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер тартылды. Олардың әзірлеген кәсіби стандарттары негізінде жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру бағдарламалары түзетіледі. Бұл ретте түлектердің құзыреттерін тәуелсіз сертификаттау орталықтары бағалайды. Осылайша, еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетін сапалы кадр даярлау процесі жетілдірілуде. 

Отырыс барысында Көлік және Қаржы министрліктерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары қаралды.

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ведомство жанынан 6 салалық кеңес жұмыс істейтінін хабарлады. Олар теміржол, су, автомобиль көлігі және жолдар, сондай-ақ азаматтық авиация салаларын қамтиды. Кеңес қазірдің өзінде 711 кәсіпті қамтитын 101 кәсіби стандартты әзірлеген. Биыл тағы жаңадан 19-ын әзірлеп, 31-ін өзектендіру жоспарлануда.

Көлік министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін аталған салаларға 8,8 мыңға жуық маман қажет болады. Қазір кадрлар 49 жоғары оқу орнында және 280-ден астам колледжде  даярлануда. Вице-министр оқу орындарының саны көп көрінгенімен, кейбір мамандықтар бойынша мысалы, көпірлер мен теміржолдар құрылысы бойынша оқитын студенттер аз екенін атап өтті. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп гранттарды қайта бөлу мәселесі қаралуда.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мәліметінше, жетекшілік ететін салада «бухгалтер» мамандығы бойынша бір кәсіби стандарт пайдаланылады. Оны озық жоғары оқу орындарының білім бағдарламалары бойынша өзектендіру көзделіп отыр. Бұл реттер АССА (Association of chartered certified accountants) халықаралық біліктілігі бойынша студенттерді оқыту және сертификаттау мәселесі қарастырылуда. Осылайша, диплом алған және өз біліктілігін растаған түлектерді жұмысқа орналастыру процесін жеңілдету жоспарланған.

«Сертификат тәуелсіз орталықтар тарапынан берілуі маңызды. Ол бойынша жұмыс берушінің маман біліктілігіне қатысты пікірі қалыптасады. Оқу орнының имиджі де осыған тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, біз осы немесе басқа мамандықты игеріп жатқан азаматты сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауымыз керек», – деді Тамара Дүйсенова.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар