Алматы облысында жол апатынан жасөспірім көз жұмды
Байсерке ауылында кәмелет жасқа толмаған екі қызды жүк көлігі қағып, біреуі оқиға орнында жантәсілім етті. Тұрғындар қайталана беретін қайғылы жағдайға жүк көліктерін кінәлайды
Апалы-сіңлі қыздар балабақша маңайындағы жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болғанда оларды жүк көлігі қағып кеткен.12 жастағы Саяна Үсен қатты соққыдан оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші қыздың иығы сынып, ауруханаға жеткізілді. Қыздардың жақындарының айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Себебі жол ережелеріне бағынбайтын жүргізушілер көбейген. Осылайша жол апатынан бір жылда үш мектеп оқушысы опат болған.
Жергілікті тұрғындар жасанды кедергілердің қойылуын сұрап отыр. Өйткені ауыл арасында бейнебақылау камералары мен жылдамдықты бәсеңдеткіш құралдардың жоқтығынан көлік апаты да жиі болады деп отыр.
“Жүк көліктері ақылы жолға ақша төлемес үшін ауылдың ішімен өтетіні және бір-бірімен жарысып, жол апатына себеп болатыны өтірік емес. Мектепте ең алғаш рет бала қайтыс болғаннан бастап бұл нәрсе айтылып келе жатыр. Біздің Байсерке ауылдық округінің әкімдігі мен Іле ауданының әкімдігі әлі күнге дейін ешқандай іс-шара қабылдамай отыр, – дейді марқұм қыздың ағасы Диляр Үсен.
Ал аудандық автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Байсерке ауылын кесіп өтетін жолдың облыстық маңызы бар трасса екенін айтады. Сондықтан жасанды кедергілерді кез келген жерге қоя алмаймыз деп отыр. Ақылы жолдан қашқан жүк көлігінің жүргізушілерін тоқтату үшін қазір салмақ өлшейтін таразылар қою жоспарланған екен.
“Қазір тұрғындардың сұрап отырғаны – жасанды жол кедергісі. Сағатына қанша көлік жүреді, соған байланысты зерттеліп, есептеліп, егер қою керек деп танылған жағдайда нұсқама хат беріледі”, – дейді Іле ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Сүлейменов.
Кәмелет жасына толмаған екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүк көлігінің жүргізушісі қазір қамауда. Жеті баласы бар жанұя бүгін кенже қыздары Саянаны ақтық сапарға шығарып салды.