Шетелде жоғалған қазақстандық келіншектің денесі табылды
Оның денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері болған.
Bild басылымы таратқан мәліметке сүйенсек, Айгүл Сайлыбаеваның денесі Бенсхайм қаласының шетінен табылған.
"Мәйіт пластикалық қапта болды, әйел қайтыс болғанға дейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қазір 35 тергеуші бұл істе жұмыс істеп жатыр. Әйелдің үйінде тінту жүргізілді", - деп жазды басылым.
Сайлыбаевамен бір мезгілде оның қайын енесі Наталья Донцова жоғалып кетті. 4 маусымда ол немересін балабақшадан алып, үйіне әкелгені белгілі. Содан бері оны ешкім көрмеген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бүгінгі баспасөз мәслихатында 2024 жылдың 5 маусымда Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулдығына Қазақстан азаматтары жүгінгенін айтқан еді. Олар 2024 жылдың 3 маусымда қызы жоғалып кеткені жөнінде арыз түсірген.
– Бас консулдық өтініш келіп түскен сәттен бастап, ерекше бақылауға алды. Ақпарат түскен сәттен бастап, біздің дипломаттар жергілікі полицияға хабарласты. Полиция жедел іздестіру іс-шараларын бастап кетті. Елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қылмыстық істің мән-жайы жария етілмейді. Біздің оған тікелей араласуға құқығымыз жоқ, – дейді Смадияров.
– Неміс тарапына жіті бақылауға алып, барлық қолғабысты көрсету жөнінде хат жолданды. Неміс тарапымен бірлесіп, жақын арада туыстарына виза алуға көмектесу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді ресми өкіл.