Сенатта фармацевтика саласының проблемаларын шешу жолдары қаралды
- авторОймақ
- 14 маусым, 2024
- 355
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Фармацевтика саласының жағдайы мен даму перспективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді. Шараға қатысушылар халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ отандық фармацевтика саласының қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылады.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы Қазақстандық фармацевтика өнеркәсібінің әлеуетін дамытуға баса назар аударып отырғанын және дәрі-дәрмек нарығындағы отандық өндірістің үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін арттыруды тапсырғанын атап өтті.
«Бүгінде фармацевтика экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторына жатады. Қазақстанның фармацевтикалық нарығында 80-нен астам отандық өндіруші жұмыс істейді, олардың жартысынан азы дәрілік заттарды өндіреді. Отандық кәсіпкерлер 900-ге жуық түрлі дәрілік заттарды және мыңнан астам медициналық бұйымдарды шығарады. Алайда, проблемалар аз емес, олардың бірі – отандық дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін дамыту», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Жандос Бүркітбаев дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өмірінің барлық кезеңі қамтылатын фармацевтика саласын мемлекеттік реттеу туралы сенаторларға айтып берді. Ол тізбекте әзірлеу, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер, тіркеу, өндіріс, қауіпсіздікті бағалау мен өнімді қолдану және жою қамтылады. Фармацевтикалық өнімдердің сапасын бақылау осы процестің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол дәрілік заттарды тіркеу, партиялар мен сериялардың сапасын бағалау кезеңдерінде, сондай-ақ фармакологиялық қадағалау және фармацевтикалық инспекция жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
«СК-Фармация» ЖШС өкілі өз кезегінде соңғы жылдары халықтың науқастануы көбейіп келе жатқанын жеткізді. Сырқаттар арасында тыныс алу органдарының аурулары көбірек - 27%, қан айналымы жүйесі - 17%, несеп - жыныс жүйесі - 8%, ас қорыту жүйесі - 8% және жүктіліктің асқынуы - 5% болып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.