Қоғам

Ұлттық киімге арналған сән үйі ашылды

Астанада бірегей тарихты, салт-дәстүр мен ұлттық мұраны бейнелейтін қазақы үлгідегі киімдер ұсынатын «Tarbiya Ulttyq kiim» сән үйінің орталығы ашылды.

Орталықтың ашылуына арналған салтанатты лентаны  күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, қоғам белсендісі,  тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы, «Отандастар» қорының  президенті Абзал Сапарбекұлы кесті.

«Кез келген ұлттың ұлттық құндылықтары болады. Солардың бірі – біздің ұлттық киім. Кезінде ұлттан алшақтаған дүниелерді қайтару жолында әрбір азамат қолынан келгенінше күрескерлік танытуы тиіс. Сондай еңбекқор жанның бірі Тарбия Айдымбаева. Жарқын бастамаларына сәттілік тілеймін. Ұлттық киімді тек наурызда ғана емес, әр күні киетін қазақтар көбейе берсін!» - деп қоғам белсендісі, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы тілек білдірді. Ал белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай ұлттық құндылықтарды насихаттайтын орталықтардың маңызы жайында сөз қозғады.

«Ұлттық киімдердің модерн бағытына өзгермей, этнографиялық мазмұнын сақтағаны мені қуантып отыр. Қалай болғанда да мұндай орталықтардың көп болуы, мемлекетіміз үшін үлкен олжа. Өйткені идеологиялық мағынасы тереңде жатыр. Сондықтан осындай бастамаларды барынша ел болып, жұрт болып қолдау өте маңызды»

Ұлттық қолөнер саласында 20 жылдан астам тәжірбиесі бар Тәрбия Айдымбаева ұсынатын ұлттық киімдер бүгінде көптің сұранысына ие. Танымал әнші Димаш Құдайберген сынды өнер иелері дәл осы «Tarbiya Ulttyq kiim» сән үйінің шапанын киіп, әлемдік сахналарда ән шырқаған.

Oimaqnews