Қоғам

Қарағанды облысында тұтқын колониядан қашып кеткен

Қарағанды облысында тұтқын колониядан қашып кеткен

Аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан 32 жастағы Жандос Ошанаев түрмеден қашып кеткен. Ол Қарағандыда тіркелген. Туыстары Теміртауда тұрады.

Бойы – 175 сантиметр. Салмағы – 73 келі. Орта денелі, шашы қара, көзі қоңыр. Сол жақ білегінде 4,5 сантиметр күйік тыртығы бар. Оң қолының ортаңғы саусағында сақина түріндегі татуировкасы бар.

"Сотталғанның мекенжайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларына түзеу мекемесінің жеке құрамы мен Қарағанды ​​облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы тартылды", – деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті. 

Қызметтік тергеу басталды. Қашқынға жазасын өтеуден жалтарғаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

Төтенше жағдай туғызған лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылады. Кейбіреулеріне салғырттық танытқаны үшін қылмыстық іс қозғалған.

Тұтқын үш айдан кейін босатылуы керек еді. Бірақ ол жазасының аяқталуын күтпей, қашып кеткен.

"Кімде-кім сотталушының қайда екені туралы мәліметті білетін болса, Қарағанды ​​облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 87212 30 00 21 нөміріне немесе полицияның 102 нөміріне хабарласуын сұраймыз", – делінген хабарламада.